» » » «Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды

«Ұлы дала жауһарлары» атты көрме ашылды

31-05-2018, 11:25

 ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінде танымал топтамашы-этнограф, ҚР Мәдениет қайраткері, "Ауыл" партиясының саяси кеңесі Президиумының мүшесі Баһаргүл Төлегенқызының «Ұлы дала жауһарлары» атты жеке көрмесінің ашылу салтанаты өтті. Шараның мақсаты - Баһаргүл Төлегенқызының өнегелі өмір баспалдақтарын жас ұрпаққа үлгі ету, қазақтың ұлттық жауһарларын насихаттап, маңыздылығын дәріптеу, музейге келушілерге рухани құндылықтармен танысуға мүмкіндік жасау.

Бахаргүл Төлегенқызы ұлттық кәдесыйлар жасап шығаратын жеке компания иесі, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында халықтың таңдауымен «100 жаңа есім» жобасына енген тұлғалардың бірі. Мәдениет қайраткерінің «Ұлы дала жауһарлары» көрмесі жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы шара Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына орайластырылды. 

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған «Ауыл»партиясының Төрағасы Әли Бектаев, қазақ руханияты мен мәдениетіне зор үлес қосып жүрген Баһаргүл Төлегенқызының ісі көпшілікке үлгі екенін атап өтті. 
- «Бүгінгі көрменің орны бөлек. Неге десеңіздер, бұл Баһаргүлдің табанды еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Халқымыздың бай дәстүрін насихаттап, қайта түлетіп, мәдениетімізге зор үлес қосып жүрген қазақтың қаршадай қызының игі ісі баршамызға үлгі боларлықтай. Баһаргүлдің көрмесінен біздің тарихымызды, ұлы дала халқының қандай болғанын, ата-бабаларымыз қалай өмір сүргенін, әдет-ғұрпымыздың қандай болғанын көруге болады. Бұл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасына қосып отырған зор үлес деп білеміз. Сондықтан, бұл көрме осында келген әрбір азаматқа рухани күш-қуат береріне сенімім мол», - деді партия Төрағасы.

 Көрмеге жалпы жиыны 300-ге тарта экспонат қойылды. Олардың арасынан көздің жауын алатын зергерлік бұйымдар, алтын, күміс әшекейлер, керамика ыдыстар және өзге де тұрмыстық заттарды кездестіруге болады. Тағы бір ерекшелігі – әскери-тарихи музейде өтетіндіктен, батырлардың 30-дан астам қару-жарақтары қойылды.   

     Мамырдың 30-нан басталған көрме маусым айының соңына дейін жалғаспақ. Демек, Елорданың кез-келген тұрғыны мен қала қонақтары көрмеге қойылған құнды экспонаттар коллекциясын тамашалауға мүмкіндігі бар.

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі

скачать dle 11.3

114-рет оқылды
Басып шығару

© 2018 «Ауыл» ХДПП


  • Яндекс.Метрика